Алатау бөктерінде ардагерін аялаған киелі шаңырақ – Отан соғысының ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталы

Алатау бөктерін бауырлай қоған Алматы қаласының заңғар ғимараттарын бойлай биіктеп, саф ауамен кеуде кере тыныстар, тұмса табиғаттың көз қызықтырар әсемдігінен ерекше әсерге бөленер жоғарғы тұсында тарихы мен тамыры терең мекеме орын тепкен. Сізге о баста мекеменің бау-бақшасы, іргесінде арындап аққан асау өзені, Алматы аспанына қарай бой түзей бас жарған алуан түрлі гүл тұрған гүлзары айрықша көрінуі мүмкін. Ал аймағына ентелей енген кезіңізден бастап бойыңызды мүлдем басқа сезім, бұрын-cоңды болмаған жұмбақ бір күй билей жөнеледі.

Ғимараттың қағаберісінде өзара орынды қылжақтасып, дүние даналығы мен өмір өнегесінің аса қарқынды уақытпен жинақталар құндылықтарын бойына сіңірген кеніш көңілді қариялармен ұшырасарсыз. Ардагерлердің кез келгені сізбен бірден тіл табысып, құнарлы ой, құнды пікір айтуға бар. Тек ден қойып, құлақ түре тыңдасаңыз жетіп жатыр. Олардың мекені, ауыл-аймағы бөлек болса да, сүрген дәурен, көрген қызықтары – ортақ. Тарих алдындағы миссиясын адал өткерген ардагер-замандастардың бұл жолғы тағдыры «Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінде» тоғысқан.

Біз осы күнделікті өмірде ардагерлер мен бейбіт күннің батырлары жанына шипа, дертіне дауа болып жүрген жандар, олардың бабы мен бағын келістіріп, денсаулығының сақталуына қамқорлық танытып жүрген мекеме қызметкерлері жайлы білеміз бе? Біздіңше, мәнді-мағыналы ғұмырын ерлікпен шендестірген ардагерлеріміздің, қоғамға құрметті жандарымыздың жағдайын жасап, бабын келістіріп жүрген мамандар әсте естен шықпағаны дұрыс. Өйткені ардақты ардагерлерге деген құрмет пен мейірім ерекше ыждағатпен көрсетілген қамқорлықтан басталып, сапалы медициналық қызмет түрлерімен сабақталады.

Алғашында республикадағы соғыс мүгедектеріне қызмет көрсететін мекемелерге ұйымдастырушылық, әдістемелік, емдеу-кеңес беру көмегін көрсету мақсатында құралған «Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталі» біз іздеген талаптар мен айтқан артықшылықтарға тұнып тұр. Ардагерлерге арналған емдеу-сауықтыру және оңалту орталығында 2023 жылдың 10 айы ішінде 3585 науқасқа ем-дом жүргізілген. Атап айтқанда,  терапия бөлімінде 1728 ардагер, неврологияда 1464,  оңалту бөлімшесінде 393 ардагерімізге  медициналық қызмет көрсетілсе, күндізгі стационарда 517 науқас ем қабылдаған.

Госпиталь басшысы Гаухар Тазабекованың хабарлауынша, медициналық мекемеде қазір алты бөлім ардагерлерімізге қызмет көрсетеді. «Госпиталь неврологиялық оңалту, кардиологиялық оңалту және басқа да оңалту бойынша медициналық қызметтер көрсетеді. Госпитальда күндізгі стационар, клиникалық зертханасымен консультативтік-диагностикалық бөлімшесі мен дәстүрлі емес медицина кабинетімен физиотерапия бөлімшесі және емдік-дене шынықтыру залы бар бассейн жұмыс жасайды», – дейді мекеме басшысы.

Соғыс зардабын тартып, денсаулығына зақым келген немесе ядролық сынақ аймағында болған ардагерлерімізге көрсетілер қызмет сапасын жақсарту мақсатымен госпиталь арнайы көпбейінді ауруханаға айналғанын байқауға болады. Қазіргі уақытта әрі емдеу-диагностикалық орталығы әрі санаториялық-курорттық үлгідегі ауруханаға айналған мекеме бірқатар белестерді еңсеріп отыр. Мәселен, 2023 жылдың 10 айы ішінде жалпы науқастар саны бойынша Республикамыздың  басқа аумақтарынан келетін  емделушілер саны 87,1% болған. Ал алматылық емделушілер үлесі 12,9%-ға жеткен.

Ашығын айтсақ, ардагерлерімізге құрмет көрсету, денсаулығына жанашырлықпен қарау қоғамымызға ізгілік сәулесін таратудың тіке жолы. Ұлт пен буындар арасындағы құнды байланыс – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, Отан мен қоғам алдындағы қызметіне жауапкершілікпен қарау арқылы қалыптасады. Отан соғысының ардагерлері мен қатысушыларына және оларға теңестірілген жандарға сапалы мамандандырылған медициналық көмек көрсету арқылы Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту госпитальдің басты міндеттерінің бірі. Мекеме дәрігерлері де ардагерлердің ықыласына бөленіп, елдің қазыналы қартын ұлықтау мінберінен абыроймен көрініп келеді. Ардагерлерге сапалы медициналық қызмет ұсыну – ардагерлерге ғана емес, ерлік пен елдігімізге көрсетер құрметіміз.

Дастан Қастай

Алатау бөктерінде ардагерін аялаған киелі шаңырақ