«Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталі» ардақты ардагерлердің көңілін құтайтып, ел алғысына бөленіп келеді. Мекемеде сапалы қызмет, әдеп пен ізгілікке құрылған қарым-қатынас, үлкеннің алғысын алу сынды құндылықтар қашан да бірінші орында.
Ардагерлерге арналған емдеу-сауықтыру және оңалту орталығында қазір алты бөлім қызмет көрсетеді. Неврологиялық оңалту, кардиологиялық оңалту және басқа да оңалту бойынша медициналық қызметтер бар. Госпитальда күндізгі стационар, клиникалық зертханасымен консультативтік-диагностикалық бөлімшесі мен дәстүрлі емес медицина кабинетімен физиотерапия бөлімшесі және емдік-дене шынықтыру залы бар бассейн жұмыс жасайды.
Ардақты ардагер, құрметті емделушіміз Панова Наталья өзінің оңалту бөлімінде ем қабылдап жатқанына ерекше қуанышты екенін жеткізіп, госпитальдің бірқатар артықшылығын сөз етті. Ардагер мамандардың кәсіби қызметін қалтқысыз атқаруына, мекеменің тазалығына, кішілік мен кісілікті өн бойына дарытқан мейірбикелерге алғысын жаудырды.
«Әзілі жарасқан мейірман көңілді мамандарға мың алғыс. Өсіп-өркендей беріңіздер! Жақындарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін», – деді көңілі өскен ардагер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жалпы, ардагерлерге арналған емдеу-сауықтыру және оңалту орталығында 2023 жылдың 10 айы ішінде 3585 науқасқа ем-дом жүргізілген. Атап айтқанда, терапия бөлімінде 1728 ардагер, неврологияда 1464, оңалту бөлімшесінде 393 ардагерімізге медициналық қызмет көрсетілсе, күндізгі стационарда 517 науқас ем қабылдаған. Госпиталь басшысы Гаухар Тазабекованың хабарлауынша, медициналық мекемеде қазір алты бөлім ардагерлерімізге қызмет көрсетеді. «Госпиталь неврологиялық оңалту, кардиологиялық оңалту және басқа да оңалту бойынша медициналық қызметтер көрсетеді. Госпитальда күндізгі стационар, клиникалық зертханасымен консультативтік-диагностикалық бөлімшесі мен дәстүрлі емес медицина кабинетімен физиотерапия бөлімшесі және емдік-дене шынықтыру залы бар бассейн жұмыс жасайды», – дейді мекеме басшысы.
Соғыс зардабын тартып, денсаулығына зақым келген немесе ядролық сынақ аймағында болған ардагерлерімізге көрсетілер қызмет сапасын жақсарту мақсатымен госпиталь арнайы көпбейінді ауруханаға айналғанын байқауға болады. Қазіргі уақытта әрі емдеу-диагностикалық орталығы әрі санаториялық-курорттық үлгідегі ауруханаға айналған мекеме бірқатар белестерді еңсеріп отыр. Мәселен, 2023 жылдың 10 айы ішінде жалпы науқастар саны бойынша Республикамыздың басқа аумақтарынан келетін емделушілер саны 87,1% болған. Ал алматылық емделушілер үлесі 12,9%-ға жеткен.
Ашығын айтсақ, ардагерлерімізге құрмет көрсету, денсаулығына жанашырлықпен қарау қоғамымызға ізгілік сәулесін таратудың тіке жолы. Ұлт пен буындар арасындағы құнды байланыс – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, Отан мен қоғам алдындағы қызметіне жауапкершілікпен қарау арқылы қалыптасады. Отан соғысының ардагерлері мен қатысушыларына және оларға теңестірілген жандарға сапалы мамандандырылған медициналық көмек көрсету арқылы Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту госпитальдің басты міндеттерінің бірі. Мекеме дәрігерлері де ардагерлердің ықыласына бөленіп, елдің қазыналы қартын ұлықтау мінберінен абыроймен көрініп келеді. Ардагерлерге сапалы медициналық қызмет ұсыну – ардагерлерге ғана емес, ерлік пен елдігімізге көрсетер құрметіміз.
Дастан Қастай