Кеңес Одағы кезінде соғыс тауқыметін тартып, ұрыс алаңында Отан үшін от кешкен майдангерлерге ұйымдастырушылық, әдістемелік, емдеу-кеңес беру мақсатында құралған «Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталі» тәуелсіздік алған жылдары қайта түреді. Алатаудың бөктеріне бой көтерген ғимарат ғасыр ширегінде «мейірім мекеніне» айналып, ұлт саулығының сақталуына ұшан-теңіз үлес қосып келеді.
Биылғы жылдың өзінде, 2023 жылдың 10 айы ішінде, ардагерлерге арналған емдеу-сауықтыру және оңалту орталығында 3585 азаматқа ем-дом жүргізілген. Атап айтқанда, терапия бөлімінде 1728 ардагер, неврологияда 1464 азамат, оңалту бөлімшесінде 393 ардагеріміз медициналық қызметтің игіліктеріне қол жеткізсе, күндізгі стационарда 517 науқас ем қабылдаған. Госпиталь басшысы Гаухар Тазабекованың хабарлауынша, медициналық мекемеде қазір алты бөлім ардагерлерімізге қызмет көрсетуде. Бұл жайлы нақтылай келе: «Госпиталь неврологиялық оңалту, кардиологиялық оңалту және басқа да оңалту бойынша медициналық қызметтер көрсетеді. Госпитальда күндізгі стационар, клиникалық зертханасымен консультативтік-диагностикалық бөлімшесі мен дәстүрлі емес медицина кабинетімен физиотерапия бөлімшесі және емдік-дене шынықтыру залы бар бассейн жұмыс жасайды», – дейді мекеме басшысы.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда соғыс зардабын тартып, денсаулығына зақым келген немесе ядролық сынақ аймағында болған ардагерлерімізге көрсетілер қызмет сапасын жақсарғанын байқауға болады. Госпиталь арнайы көпбейінді ауруханаға айналып, әрі емдеу-диагностикалық орталығы әрі санаториялық-курорттық үлгідегі аурухананың қызметін қатар атқарып отыр. Жыл сайын емделушілердің үлесі артып, сапалы мамандар қатары толығуда. Мәселен, 2023 жылдың 10 айы ішінде жалпы науқастар саны бойынша Республикамыздың басқа аумақтарынан келетін емделушілер саны 87,1% болған. Ал алматылық емделушілер үлесі 12,9%-ға жеткен.
Ашығын айтсақ, ардагерлерімізге құрмет көрсету, денсаулығына жанашырлықпен қарау – қоғамымызға ізгілік сәулесін таратудың тіке жолы. Ұлт пен буындар арасындағы құнды байланыс – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, Отан мен қоғам алдындағы қызметіне жауапкершілікпен қарау арқылы қалыптасады. Отан соғысының ардагерлері мен қатысушыларына және оларға теңестірілген жандарға сапалы мамандандырылған медициналық көмек көрсету арқылы Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту госпитальдің басты міндеттерінің бірі. Мекеме дәрігерлері де ардагерлердің ықыласына бөленіп, елдің қазыналы қартын ұлықтау мінберінен абыроймен көрініп келеді. Ардагерлерге сапалы медициналық қызмет ұсыну – ардагерлерге ғана емес, ерлік пен елдігімізге көрсетер құрметіміз екенін ұғынған сәттен бастап біз, шын мәнінде, жақынына жанашыр, айналасына кеңқолтық, қариясына бауырмал болған бабаларымыздың дәстүрін қайта жаңғыртамыз.
Дастан Қастай
«Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінің» маманы