Жүзуді серік еткен балалар Республика күнінде жүлдегер атанды – Отан соғысының ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталы
Республика күніне орай “Отан соғысының ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінің” бассейнінде жүзу спортынан жарыс өтті. Елімізді тәуелсіздікке жетелеген тарихи күннің қарсаңында кішкентай жүзгіштер өзара бақ сынасып, су айдынында шеберлігі мен ептілігін танытты.
Алдымен, салтанатты спорт сайысының ашылуында еліміздің әнұрыны асқақтады. Су спортына бала жастан ден қойған кішкентай талапкерлеріміз қатар-қатар сап түзеді.Мерекелік іс-шараның мән-маңызы жайында госпиталь басшысы Гаухар Тазабекқызы арайы баяндап, барша қатысушыларды Республика күнімен құттықтады.
Кейіннен ауқымды іс-шараға арнайы шақырылған қонақ, кәсіпқой былғары қолғап шебері, Қазақстан мен Қырғыз республикаларының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан Мырсатаев сөз алып, жас өрендердің спорттағы алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.
Балалар сайыс көркі қызған шақта жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылып, суда жүзу спортының бірнеше бағыты бойынша жарысқа түсті. Атап айтқанда:
⁃ 7-8 жасар спортшы балдырғандар арасында жүлделі бірінші орында «арқамен жүзу» бағыты бойынша Сидоренко Алена, Измухан Дария, Маслова Аурелия иеленді.
⁃ 9-10 жастағы “су жүйріктерінің” ішінде Исламова Милана, Казновская Злата жеңіске жетті.
⁃ 11-12 жас арасындағы жүзгіштерден Жұматаева Ажар 1-орынды иеленді.
«Еркін жүзу» бойынша Иванова Тамара, Айтқали Ақерке бас жүлдені қанжығаласа, ұлдар арасында Тұсымханов Даниал, Степанов Данил, Теміров Алдияр, Мұратов Мирас, Досмұхамедов Тәңірбергеннің асығы алшысынан түсті.
Балалар арасындағы спорттық жүзуді дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайыс жоғары дәрежеде өтті. Су спортын жанымен сүйетін 70 бала, 150-ге жуық ата-ана қатысқан ауқымды іс-шараның жүлделі орын иегерлері арнайы мақтау қағазы, медальдермен марапатталып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Республика күні құтты болсын, спортты жанымен сүйетін жас өрендер жасай берсін!
Жүзуді серік еткен балалар Республика күнінде жүлдегер атанды